Бұл роман бұрынғылардан өзгерек…

Австралиялық жазушы Колин Маккалоудың әлем таныған бестселлерге айналған бұл кітабы қолыма түскеніне еш өкінбейтін шығармын. «Шомырттағы сайрауықтар» (дәлме-дәл аудармасы бір түрлі естіледі екен :), негізгі аты «The thorn birds») деп аталатын тамаша романда Жаңа Зеландиядан Австралияға қоныс аударған Клирилер отбасы жайлы баяндалады.

Шынымды айтсам, менің екі рет жолым болыпты, Колин Маккалоудың керемет туындысын Нора Гальдың аудармасында оқи алғаным үшін. Бұл дегеніңіз, бір танысым айтпақшы, Анджелина Джолидың қолындағы
Chanel Egoiste Platinum сияқты ғой 🙂

Көз алдымда кішкентай Мэгги бой жетті. Етек-жеңін жинай бастаған шақта сезді бір ынтықтықты. Өзінен он сегіз жас үлкен Ральф де Брикасарға деген шексіз махаббатына таң қалдым. Мұндай сезімді бастан кешірудың өзі бақыт шығар деп ойлап қоям кейде… Сөзім жоқ менің!

Кейбір кітаптардың кейіпкері сияқты, «біріне бірі сүйсіне қарааааааап отыра беретін» іш пыстарарлық сюжеттерді кездестірмегеніме қуандым. Бізге жаттанды «махаббат» түсінігі тым терең қозғалған бұл кітапта: отбасыға деген махаббат, Отанға деген махаббат, ана мен бала махаббаты, ері мен әйелдің махаббаты, және ең ұлысы – Құдайға деген махаббат…

Роман happy end-пен бітпейді. Мүмкін өмірдің өзінен алынғандықтан шығар. Дәл осы шағымда оқығаныма қуанам, шынымды айтсам… Сезімнен сананы жоғары қоятын «үлкен» жасқа жеткенімде оқысам, әсері бүгінгідей болмас па еді, мүмкін…

Advertisements

"Түсімде ғажап іс көрдім…"

Әр адам өз өмірінің 30 пайызын ұйқымен өткізсе, қалған 70 пайызында сол «апиынды» армандаумен болады екен. Әзіл, әрине. Десек те, осы ұйықтау мәселесіне келгенде, әншейінде ауыз жаппайтын атақты ғалымдардың өзі толық зерттеп, түп-тұқиянына жете алмай жатыр.

Өңдегі нәрселердің «ксерокөшірмесі» саналатын түс көру процесі жайлы ғылым дәлелдеген бірнеше қызық фактілер бар. Психикасы бұзылған кейбір науқастардан басқа бүкіл адам түс көру қабілетіне ие. Өкінішке орай, көрген түсіміздің 90 пайызын ұмытып үлгереді екенбіз. Төсегінің басына қалам мен қағазын қалдыруды ұмытпаған кей кісілердің жолы болыпты. Әйгілі «Генриадасы» үшін Вольтер, бензол формуласы үшін Август Кекуленің ұйқыға «қарыздар» екенін екінің бірі біле бермес. Бұрын көрмеген бейтаныс жандарды түсіңізде көрсеңіз, еш таң қалмай-ақ қойыңыз. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ол «кейіпкерлер» – шынайы өмірде кездесіп, бірақ есіңізде сақталмаған адамдар. Түсіңізде кемпірқосақ көрсеңіз қуануыңыздың жөні бар, өйткені біздің планета тұрғындарының 12 пайызы (!) іш пыстырарлық ақ-қара түстер ғана көреді. Айтпақшы, шылым шегуді қойғандардың түсі тіптен керемет, басқалармен салыстырғанда, бояуы қанығырақ «сапалы» түстер соларды көп төңіректейді екен. Туа біткен соқыр жандар түс көре ме екен деп ойлаған боларсыздар? Олардың түстері дыбыс, әуен, иіс секілді сезімден тұратын көрінеді. Ал кішкене сәбилер 3 жасқа дейін өз түстерінде өздерін көрмейді. Жапонның қорқынышты қуыршақтары жайлы фильмдерден де жаман сұмдық түстер кездеседі кейде. Ересектерден гөрі, 3–8 жас аралығындағы балаларды сондай түстер жиі мазалайды. Read the rest of this entry

Біртүрлі кітаптар :)

Поезда немесе автобуста қолыңызға кітап ұстап, әп-әдемі беріліііііп оқып отырған кезіңізде, кітабыңызға қадалған «любопытный» көздерден құтылудың оңай жолын айтам қазір сіздерге. «Не оқып отырсыз, қарындааас?» деген қытыққа тиетін сөздерден шаршаған қыздар үшін тіптен таптырмас нәрсе бұл.

Бар болғаны, мынадай мұқабаларды кітабыңызға киігізіп алыңыз да, умный вид жасаааап отыра беріңіз 🙂


* * *

Read the rest of this entry

Күнделігіңіз қайда? :)

«Кітаптарды жинаймыз, екі парақ аламыз». Мектептегі ееең қорқынышты сөз осы еді 🙂

Ескі заттарымды ақтарып отырып, үлкен бір қорапты тауып алдым. Ішін ашсам…. 2-11 сыныптардағы оқу күнделіктерім!!! Жас кездерді еске алып, бір күліп алдым алаңсыз.

Сонымен, суреттер сөйлейді:

Менің алғашқы күнделігім 🙂 Read the rest of this entry

Сол жағым сыздап тұр, Ана…

Анашым, мен ғой келген.
Еш алаңдама сабақтан шығып келдім.
Аналар да әкелер сияқты уайымдайды ма екен?
Білмеймін, бірақ өткенде Әлидің “мектепке бармасам анам іздеп, уайымдайды” дегені есімде..
Сондықтан сұрап жатқаным ғой….

Өткен апта мұғалім оң қолымда қалам,
Сол қолымда қаламсап деп қайта-қайта айтқызып
Оң мен солымды ажыратуды үйреткенді..
Енді білдім Анашым, оң жақ пен сол жақтың не екенін,
Енді түсіндім Анашым, сыздаған жердің қай жақ екенін
Енді түсіндім, анашым….
Саған келгенімде,
Мына жағым сыздап ауырады, мына жағым дегенім есіңде ме?
Сыздаған жақты түсіндіре алмағаным есіңде ме, Анашым?
Енді білемін, міне, мына жағым…
Сол жағым сыздап ауырады, Анашым….
Күн сайын сыздап мазалайды сол жағым,
Сыздап мазалайды..

Айшаның шашын анасы өріп беріпті кеше….
Анасымен қол ұстасып келіпті мектепке…
Үстіндегі жейдесі да тоқыма екен.
Қоңырау шалғанда бетінен сүйіп, «Сабағыңа бара ғой, қызым»- деді.
Мен сонда, ешкімнен жасырмай өксіп жыладым
Мұғалім: «Не болды?»- дегенде,
Жәй, сүрініп құладым, тізем ауырды дей салдым
Өтірік айттым, Анашым.
Сыздаған тізем емес, сол жағым болатын, Анашым.
Сол жағым болатын… Read the rest of this entry

Рамазан мүбәрак болсын!

Абай атамыз айтқан екен, бала өмірге келгенде екі түрлі мінезбен туады: «ішсем, жесем, ұйықтасам» деген тән құмары мен «көрсем, білсем, үйренсем екен» деген жан құмары. Есейе келе, құлқынның құмарын ерік-жігерге жеңдіріп, төзімді рух тәрбиелеу – қай пендені болсын, рухани тазалыққа жетелейді. Барша мұсылмандардың қасиетті Рамазан айында тән құмарын тізгіндеп, құдіреті шексіз Алла Тағаланың парыз еткен нәрсесін жасау біз үшін ұлы борыш екенін ұғынуымыз керек осыдан.

Бүгін Рамазан айының алғашқы күні. Түнде жауған толассыз жаңбыр айналаға әдемі бір жайлылық орнатыпты. Қасиетті айда құлдарына төгіп жатқан Алланың нұры болар деп тілек еттім іштей. Оның үстіне, бүгінгі күн ерекше ыстық. Мұндай күні ауыз бекіткендерге берілетін сауап та мол болар, ИншаАллаһ…

Барша мұсылман қауымды шапағаты мол Рамазан айымен құттықтаймын. Алла Тағала оразаларыңызды қабыл қылып, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін.

"Папа, ертерек келші…"

Кешкісін жұмыстан келді үйіне. Есік алдында жанары жәудіреп, ұлы күтіп отыр екен. Мән бермей өте шықты.

-Папа, бір нәрсе сұрайыншы сенен. Өтінем…

Іркіліп қалды. «Бұрын мұндайы жоқ еді. Не сұрамақшы екен?!»
-Иә, балам, тыңдап тұрмын.

-Папатай, сен бір сағаттық жұмысың үшін қанша ақша аласың?
Мырс етті. Ашу оты да жарқ ете қалды көзінде.

-Оны не қыласың сен? Қатысы қанша оның саған?

Әлденеге томсарып тұрған ұлы өтіне тіл қатты бұған:
-Папааа, айтшыыы, өтінем…

-Сағатына 1000 алам. Ал, бір нәрсе өзгерді ме?

Кіп-кішкентай саусақтарын бүгіп, бір нәрсе есептеді де, бұған қарады қайтадан:
-Пап… Онда… 600 тг бере тұршы маған… Қатты керек болып тұр…

Қаны басына шапшыды. Ақша сұрау үшін екен ғой, менің табысым қызықтырып қалғаны мұны!
-Жетер енді! Не істейін деп ең ол ақшаны? Ұялсаң етті!

Зәрлі даусынан сескенген ұлы басын төмен салып, өз бөлмесіне кіріп кетті. Жанарына үйірілген жасты көрсеткісі келмеді ме екен…
Ол кеткен соң, әкесі ойланып қалды. Ақшаны неге сұрағанын әлі таба алмай отыр. «Қой, шынымен де бір нәрсеге керек болған шығар. Ойыншық алғысы келді ме екен?!» Бағанағы зекігеніне іштей ыңғайсызданып қалды. Ақырын басып, ұлының бөлмесіне кірді.

-Балам, жаңағы ұрысқаныма ренжіме. Мә, ала ғой ақшаны.

Қуанып кеткен ұлы мұның қолындағы шықырлаған көк қағаздарды алды да, жастығының астына қолын тығып, бір-екі қағаз ақшаны қосып қойды.

Әкесі қайтадан қабағын шытты:
-Өзіңде бола тұрып, неге менен сұрадың?

Баласы томпаңдап, мұның жанына келді.
-Өзімдікі жетпейтін еді. Енді жеткілікті болды.
Сөйтті де, қолындағы бір уыс ақшаны бұған беріп жатып, өтінішпен тіл қатты:

-Папатай, мына жерде тура 1000. Мен сенің жұмыс уақытыңның бір сағатын сатып алайыншы. Өтінем, мама үшеуміз бірге тамақтанайық, ертең үйге ертерек келші…

Туған күніңмен, PR!


Журналистиканың «сәби» салаларының бірі – PR-дың (Public Relations) бүгін «іңгәәәә» деп туылған күні 🙂

Бізге әдетте былай түсіндіреді ғой, ПР – жарнама емес деп. Бірақ байқап қарасақ, мұның екеуінің мақсаты – тауарды сату, ол тауар сағыз ба, саясат па – маңызды емес.

Пиаршының бойында көп саланың «қаны» қосылған: психолог, әлеуметтанушы, ақпарат таратушы, көөөп әйтеуір. Бірақ тауардың алға жылжуының стратегиясы мен концепциясын дәл осы PR маманы жасайды. Дәл осы PR-маманына тәуелді, қоғам алдында бір тұлға қалай көрінетіні: мейірімді дәрігер Айболит па, әлде голливудтық сері ме.

Осындай ТАМАША мамандық иегерлерін (Caps үшін кешіріңіздер, бірақ шынымен де «тамашааа») бүгінгі төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Құлаққа макарон өнімдерін тым көп іле бермей, ақшаға да сатылмайтын кейбір нәрселер бар екені естеріңізде жүрсінші 🙂 Қалжың ғой, әрине. Шалқар шабыт, мықты креатив иесі болыңыздар! PR тек ақ-қара болмасын 😉

О, Скарлетт!


«Құдай куә: өтірік айтармын, тонармын, өлтірермін. Бірақ ешқашан, ешқашан аш қалмаймын, ешқашан!» Осылай деп өз-өзіне серт берген Скарлетт О’Хараның сәт сайынғы ерлігіне таңдана отырып, бұл кітапты да бітірдім. Маргаретт Митчеллдің «Жел айдаған тағдырларын» («Gone with the wind») тамсанбай оқу мүмкін емес… Мүмкін емес! Он төрт жыл бойы үздіге күткен жауапсыз махаббаты – Эшлиінен, қиналғанда жасын сүртер жан анасынан, ақтық демі қалғанша адал құрбы боп өткен Меланиден айырылу оңай болған жоқ Скарлет үшін… Нәубет пен зұлмат қатар келген осынау жылдар бойы жанынан табылып, қолтығына демеу, көңіліне медеу болған батыл жігіт – Ретт Батлер кеткенде түсінді бәрін бірақ. Соны ғана шын сүйетінін түсінді… «Мысықтың орнына ұстау үшін бұған үйленген «арсыз» жігітке жан-тәнімен бауыр басқаны рас еді мисс Скарлеттің…

Бұл роман біраз нәрсе берді маған. Ер жігіттің романтикадан гөрі реализмге жақын болғанын бұрыннан қалаушы ем, кітаптағы Эшлидің әр әрекеті айқындай түсті сол ойымды. «…ашуланшақ, ұялшақ және тәртіпті, еркек үшін бұлардан өткен сорақы қасиет жоқ.» Романның ішінде дәл осылай айтылады. Жөн сөз!

Роман кейіпкерлерінің керемет сөздерін беріп отырмын төменде. Сіздерге де ой салар, мүмкін…

«Күшті адамдар өз әлсіздігінің куәгерлерін ұнатпайды.»

«Сіз істеген әрекеті үшін емес, түрмеге түскені үшін өкінетін ұры сияқтысыз!»

«-Мен сізді сүйем.
-Бұл сіздің шаруаңыз.»

«Егер өткен шақтың елестері торуылдап жүрсе, адам алға жылжи алмайды.»

«Кішкентай адам мықты болуы тиіс, үлкендердің ішінде өмір сүруі үшін.»

«Көп ақшаны екі жағдайда жасауға болады: жаңа мемлекет құрғанда және оның құлдырағанында. Құру кезінде бұл процесс жай, ал құлдырау кезінде тез жүреді.»

«Өлім, салық және сәбиді босану – мұның үшеуі де ең қолайсыз уақытта болады.»

«Мен бұл туралы бүгін ойламаймын, ертең ойлаймын.»

«Егер сіз ешқандай жаман нәрсе жасамасаңыз, бұл үшін әлі мүмкіндік болмады деген сөз.»

«Әйел жылай алмаған сәт – ең қорқынышты.»

«Мен әдемі костюм тіктім де, оны ұнаттым. Ол келгенде, сол костюмді кигіздім. Осылайша оның өзін емес, әдемі костюмін ғана ұнатып жүре бердім.»

«Ол ойнауды үйретті. Өмірмен ойнап, бұл ойынға қалай тартуды да білетін. Бірақ ол ешқашан бала сияқты ойнамады, ол еркек болатын.»

«Мен сізді мысықтың орына ұстау үшін ғана үйлендім, қымбаттым.»

«Дүниедегі ең қорқынышты нәрсе – қорқынышыңды жоғалту»

«Менің саған ғашықтығым сенің маған ғашықтығыңнан көп емес. Сені сүйіп қалуды Құдай басқа салмасын, балапан!»

«Күйеу табу үшін неге өзіңді ақымақ етіп көрсету керек?»


1936 жылы жарыққа шыққан бұл романның алғашқы күні-ақ 50 мыңнан астам көшірмесі сатылды. Алғашқы жылы-ақ романға Пулитцер сыйлығы беріліп, 31 рет қайта басылып шықты. Роман идеясы автордың өз өмірінен алынған. Смит колледжінде өзінің курстасына ғашық болып, алайда бұл махаббаты баянсыз болып шықты: ол жігіт бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан. «Macmillan Publishers» баспасы романды «Ертең басқа күн келеді» (Tomorrow Is Another Day) деген атпен баспақшы болады, бірақ Митчелл «Жел айдаған тағдырлар» деген атауды ұсынады. Бұл тіркесті ол Эрнест Доусонның «Cynara» поэмасынан алған.


«Ескіііі кино» деп менсінбей жүруші ем бұрын, кітабын тауысқан соң, сүйікті кейіпкерлерімді «тірідей» көргім келді. «Жел айдаған тағдырлар» фильмі американ киносының тарихындағы ең кассалық фильм болып табылады. Премьерасы 1939 жылдың 12 желтоқсаны күні Атланта қаласында болған, «Оскар» сыйлығының 10 дүркін иегері.

Фильм актерлері:

* Вивьен Ли — Скарлетт О’Хара
* Кларк Гейбл — Ретт Батлер
* Лесли Говард — Эшли Уилкс
* Оливия де Хэвилленд — Мэлани Гамильтон
* Томас Митчелл — Джеральд О’Хара
* Барбара О’Нил — Эллин О’Хара
* Эвелин Кейс — Сьюлин О’Хара
* Энн Рутерфорд — Кэррин О’Хара
* Джордж Ривз — Стюарт Тарлтон
* Хэтти МакДэниэл — Мамушка
* Камми Кинг — Бонни Батлер

«Жел айдаған тағдырлар» фильмі жайлы қызықты деректер:

Батлердің рөліне 30-жылдардағы Роналд Коулман, Гэри Купер, Фрэдрик Марч, Бэзил Рэтбоун және Эррол Флинн секілді танымал актерлер де үміткер болған.
Скарлетт О’Хара рөлін сомдауға 1400 қыз тілек білдірген.
Қара нәсілді қызметшінің рөліне АҚШ президенті Фрэнклин Рузвельттің аспазшысы Лиззи МакДаффи өтініш білдірген, бірақ таңдау Хэтти МакДэниелге түсті.
Скарлеттің анасы Эллиннің рөлін сомдаған актриса Барбара О’Нил шын өмірде Вивьен Лиден бір ғана жас үлкен болған.
Фильмде 59 актер, массовка үшін 2400 адам, 1100 жылқы, 375 басқа жануарлар түсірілген.

Бұл фильмнің кереметі неде? Жоқ, марапат пен сыйлықтарының көптігінде емес. Мүлде басқада. Кинематографтың алтын дәуірінде дүниеге келген туынды бұл! Қырқыншы жылдардан бері бұл романның тағы бір экранизациясын жасауға әлі бір де бір режиссердің батылы жеткен жоқ. Иә, өйткені Ретт пен Скарлеттің рөлін сомдауға ұмтылатын кез келген актер мен актриса Кларк Гейбл мен Вивьен Лиден асатынына күмәнім бар… Бұл – өнер. Бұл – өмір. Бұл – дәуір. Жел айдаған дәуір…

Шөлде қалған "Титаник"


«Титаник» шөлде емес, суда қалып еді ғой деп отырған шығарсыздар. Жо-жоқ, бұл қазақша «Титаник» 🙂 Жамбыл облысы Мойынқұм ауданын жарып өтетін жолдың бойында дәл осындай кеме тұр.

«Мүбарак» кафесінің ашылғанына да біршама жылдың жүзі болыпты. Құм ортасында қалған кеменің үлгісінде кафе салу – кімнің басына келсе де керемет идея болып шыққан! Тоғыз жолдың торабында орналасқан осынау «қазақтың Титанигіне» арлы берлі өткен жолаушы атаулы бір соқпай кетпейтіні көрініп тұр. Біз барған кезде де «кеме» іші лық толы.


Тоғжан екеуміз келе салысымен кеме-кафені «зерттеуге» кірістік 🙂


Кеменің үстінен айнала алақандағыдай көрінеді екен. Көктебедегідей емес енді, әрине 🙂 Бірақ Биназар ауылының бергі бетін түгел тамашалауға болады.


«Ава» үшін де суретке түсуді ұмытпадық 🙂 Қарсы алыңыздар, алдарыңызда Джек пен Роус))) Алматтың идеясы ғой бұл…